Қостанай облысында инспекторға балта лақтырған әйел ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қапелімде қорғанып үлгермеген полицей дене жарақатын алған

Қостанайда әйел адам учаскелік инспекторға балтамен шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікке тартылуда, деп жазады Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қостанай облысы Оңтүстік полиция бөліміне Водяная көшесінде орналасқан пәтерде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы өтініш түседі. Өтінім бойынша учаскелік полиция Алмат Рамазанов оқиға орнына барған. Ол 27 жастағы ер адам мен оның 49 жастағы анасының арасында жанжал шыққанын анықтайды.

Дәл сол отбасындағы жағдай полиция алдына бұрын да бірнеше рет түскен екен. Полиция қызметкерінің тексеру жұмысы кезінде әйел адам оған әрдайым былапыт сөздер айтып, айғаймен шығарып салып отырған екен. Алайда бұл жолы бәрі басқаша болыпты.

«Анасы ұлын алып кетуді сұраған. Инспектор ер адаммен сөйлесіп, пәтерден шығарғысы келгенде, әйел жерде жатқан балтаны ала салып, учаскелік полицейге қарай сілтеп қалған. Полиция қызметкері қорғанып үлгермегендіктен, оған балта тиіп, дене жарақатын алған», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінен.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерге қарсы әрекеті үшін әйел қамауға алынды. Атап өтерлігі, дәл осы жағдай үшінші рет қайталанып отыр екен. Ашушаң әйел енді былапыт сөздер айтып, қорлағаны үшін емес, полицияға шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікке тартылуда.

ҚР Қылмыстық кодекссінің 380-бабы «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Баптың санкциясы 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Учаскелік инспекторға ауруханада алғашқы медициналық көмек көрсетілді.