Медсақтандыру қорының Ақтау филиалының басшысы 17,5 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Руслан Бектібаев уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото ашық дереккөзден

Ақтауда әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры филиалының басшысы Руслан Бектібаев 17,5 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілініп, қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бектібаев медициналық фирмалардың бірімен ауыз жаласып, қор арқылы тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызметтерді сатып алу шартын жасасқан. Осылайша, Денсаулық сақтау министрлігінің базасына емделу немесе дәрігердің кеңесін алған адамдар туралы жалған мәліметтер енгізіп отырған.

«Азаматтарға тегін медициналық көмек көрсетілген. Бірақ іс жүзінде бұл қызметтер жасалмаған. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», - деді Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықов.