Барлығы 30 аялдама 19 млн теңгеге сатып алыныпты
Атырауда жақында ғана орнатылған 7 аялдама қатты желден аударылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желідегі жергілікті пабликтерде төңкеріліп жатқан аялдамалардың видеосы жарияланды. Желі қолданушылары аялдамалар балалардың үстіне құлап кетуі мүмкін еді деп алаңдаушылық танытып жатыр.
Аталған жайтқа қатысты пікір білдірген қалалық әкімдік өкілдері ашық аялдамалардың 2022 жылы қала маңындағы елдімекендер тұрғындарының көптеген өтініші бойынша орнатылғанын айтады.
Белгілі болғандай, барлығы 30 аялдама 19 006 400 теңгеге сатып алыныпты. Өкінішке қарай, оның жетеуі өткен аптада Атырауда соққан қатты желдің салдарынан құлап қалған.
«Өткен жылы қала мағындағы ауыл тұрғындарына арналған 30 ашық аялдама орнатылған болатын. Оның 7-і желден құлап қалды. Бүгінгі таңда 6 аялдама қалпына келтіріліп, қайта орнатылды. Соңғысын (видеодағы) бүгін қайта орнату жоспарланып отыр», - деп түсіндірді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Видео авторы аялдаманың тіпті, бетонға бекітілмегенін атап өтеді. Жел соққан неліктен аударылып қалғанын да түсінікті болды.