Қазірдің өзінде алданған біршама отбасы бар
Түркістан қаласында әкімдік атынан жер телімдерін беру туралы шешімді тұрғындарға сатып жүрген алаяқтар бар екені анықталды. Бұл жөнінде Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мұндай құжаттың еш заңды күші жоқ. Тұрғындардың келешекте бұл құжатқа сүйеніп үй тұрғызып, оны заң аясында тіркеу мүмкіндігі болмайды. Қазірдің өзінде алданған біршама отбасы қиын жағдайға душар болып отыр. Бүгін осы мәселе талқыланып, әкім бірнеше бөлім қызметкерлеріне тапсырма берді. Құқық қорғау органдары да бұл жайттарды тексеріп, алаяқтардың заңсыз әрекеттерін тоқтату үшін жұмыс атқарып жатыр. Келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында тұрғындарды абай болуға шақырып, осындай әңгіме куәгері болса 102 нөміріне хабарласып, ақпарат берулерін жеткізсеңіздер деген өтініш», - делінген хабарламада.