Семейде 5 жасар бала құтқарушыларға хабарласып, інілерін аман алып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға 5 қаңтарда жеке үйде болған

Фото: Абай облыстық ТЖД

Семейде «112» пультіне хабарласқан 5 жасар бала үйде інілерін құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Абай облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 5 қаңтарда сағат 16:58-де жеке үйде болған.

Қоңырау түсе салысымен оқиға орнына дереу құтқарушылар мен дәрігерлер бригадасы шыққан.

112 диспетчерлері аза бейнебайланыс арқылы баламен байланысқа шығып, ашық өрттің жоқ екеніне көз жеткізген соң, балаларға психологиялық көмек көрсетіп, бөлмелерді желдету үшін терезе ашуды өтінеді.

«Құтқарушылар оқиға орнына келгеннен кейін жас балалардың жеке үйде қамалып қалғанын және үйде ыстың иісі бар екенін анықтайды. МӨС-1 қызметкерлері арнайы құрал көмегімен алдыңғы есіктің құлпын ашып, балаларды жедел медициналық жәрдем дәрігерлеріне тапсырды.

Балаларды дәрігерлер қарағаннан кейін, Семей қаласындағы балалар ауруханасына алып кетуге тура келді, оларға жеңіл улы газдан улану деген алдын ала диагноз қойылды, қазіргі уақытта балалардың жағдайы қанағаттандырарлық», - делінген ТЖД хабарламасында.

ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарынан балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз сақтауды сұрайды.