Бұл оқиға былтыр дәл осы күні, яғни 5 қаңтарда болған
Алматыдағы «Керуен-Medicus» медицина орталығының директоры Зинура Сапабекова қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұланның үш сарбазын аман алып қалған. Дәрігер сарбаздардың соңынан қуып келген топты кері қайтарған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Медициналық орталықтың жетекшісі Зинура Сапабекова жағдайдың дәл осылай ушығып кететінін мүлдем ойламағанын айтты. Сол күні әдеттегідей жұмысына барыпты. Бірақ өзге мамандардың клиникаға жете алмай жатқаны туралы хабар түсіпті.
«5 қаңтар күні жұмысыма келсем, адам аз екен. Кіші қызметкерлердің көбі Алғабас шағын ауданында тұратын. Олар өздерінің жете алмай жатқанын, жолдың жабылғанын айтты. Содан өзіміздің жедел жәрдем көлігімізді сол ауданға жіберіп, олардың бір жерге жиналып тұруын сұрадым. Бірақ көлік те діттеген жеріне жете алмай қайта айналып келді. Орталыққа келген науқастар Төле би көшесінің бойында жағдай шиеленісе түскенін жеткізді. Сол арада ауруханада жатқан науқастарды дереу үйлеріне жібердік те, клиниканы жаптық. Бұл кезде сағат шамамен түскі 12 еді», - дейді Зинура Сапабекова.
Клиниканың жарығын сөндіріп, есігін жапқан қызметкерлер орталықтың артқы есігін ілмепті. Ашық қалған осы бір есік 3 сарбаздың аман қалуына себепші болады деп ол кезде ешкім де ойламаған еді.
«Біз аласұрып жүріп, орталықтың артқы есігін жабуды ұмытып кетіппіз. Сол жердегі дарбазадан 5 сарбаз асып түсті. Кейін камерадан қарасақ, 3-еуі біздің клиникаға, тағы 2-еуі жанымыздағы сот ғимаратына қарай өткен. Медициналық орталықтың ішінде 20 шақты маман болды. Сарбаздар бізді көре салысымен «бізді жасырыңыздаршы, артымыздан келе жатыр» деп айтып үлгерді. Біреуін дәретханаға тықтық, екіншісін бірінші қабаттағы кабинетке кіргізіп жіберіп, есігін құлыптап, кілтін қалтама салып алдым. Ал үшінші сарбаз лифтімен стационар жаққа көтеріліп кетіп, өзі бір төсектің астына жасырыныпты», - деді клиника директоры.
Арада 3 минут өткен соң орталыққа 60 шақты ер адам баса көктеп кірген. Олар әлгі сарбаздардың нақты осы жерде екенін білетіндерін айтып, дереу шығаруын талап етіпті.
«Олар кіре салып, сарбаздарды беріңдер деді. Біз мұнда ешкімнің жоқ екенін айттық. Бірақ олар сенбей, жан-жаққа шашырап, 4 қабатты түгел тінтіп шықты. Ақыры, стационар жаққа тығылған сарбазды тауып алды. Дәл сол кезде мен де кіріп бардым. Баланы бермеймін деп әлгілердің алдына тұрып алдым. Сол сәтті кейін камерадан көрсем өте қорқынышты. Қалай қорықпағанымды әлі күнге дейін түсінбеймін. Оларға барынша жалындым, менен басқа әріптестерім де жалбарынды. Сендердің де бауырларың бар ғой, бұл баланы өлтіргенде не табасыңдар деп әбден жалындық», - деп еске алды Зинура Сапабекова.
Зинура Сапабекованың сөзінше, 10 минуттың ішінде топтың ішіндегі бірнеше адам басқаларын көндіріп, клиникадан алып шығып кетіпті. Сөйтіп, сарбаздар аман қалған екен.
«Бір сарбаздың басы жарылған, белін көтере алмай қалған. Айтуынша, көлік басып кеткен. Дереу дәрігерлер көмек көрсетті. Белі сынбаған болып шықты, бірақ ауыр соққы алған екен. Дәретханаға тығылған баланың аяғы сынған. Оған да алғашқы көмек көрсеттік. Сарбаздың біреуі командирінің телефон нөмірін жатқа біледі екен. Қоңырау шалып, қасымызда екенін айтып, хабар бердік. Олар бір сағаттың ішінде келді. Оған дейін барлығының әскери киімін шешіп алып, қарапайым жай киім кигізіп қойдық. Сарбаздардың тек біреуінің ғана қолында қару болыпты, ал қалғандарынан тартып алған. Олар басында мүлдем сөйлей алмады, қатты қорқып қалған. Дірілдеп, қалтырап тұрды. Тіпті қай жері ауырып тұрғанын да түсіндіре алмады. Ақырындап бізге сене бастаған соң мән-жайды айта бастады», - дейді Зинура Сапабекова.
Айтуынша бүлікшілердің ойлағаны сарбаздарды өз жағына өткізу болыпты. Қолдарында таяқ, темір, арматура, қалқан болған.
«Бізге қарсы шықпасын, әйтпесе өлтіреміз деді. Ал біз жаққа өтсе, тиіспейіз деп айтты.
Аман қалған сарбаздардың жасы 18-19 жас аралығында болса, олардың соңынан қуып келгендер 30 бен 40 жас аралығында екен», - дейді дәрігер Зинура Сапабекова.
Сөз соңында Зинура Сапабекова елімізге тыныштық тілеп, Қазақстанның өркендей беруін тіледі.
Айта кетейік, қаңтар оқиғасынан кейін «Алғыс айту күні» Ұлттық ұлан сарбаздары медициналық орталыққа арнайы барып, араша түскен Зинура Сапабековаға және ондағы барлық дәрігерге алғыс білдірді.