Айтжан Мұсабаева 6 желтоқсанда таңертең үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған
Маңғыстау облысында үш аптадан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен әйел іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Ақшұқыр ауылының тұрғыны Айтжан Мұсабаева 6 желтоқсанда таңертең үйінен белгісіз бағытта шығып кетіп, қайтып оралмаған. Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық полиция департаменті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.
«Туыстарының айтуынша, 32 жастағы Айтжан Мұсабаева 6 желтоқсанда таңертең үйден шығып кетіп, қайтып оралмаған. Олар әйелдің көпбалалы ана екенін, бес баласы барын айтады», - делінген хабарламада.
Жоғалған әйелдің белгілері: бойы 150-155 сантиметр, орта денелі, шашы қара.
Үстіне не кигені белгісіз. Келіншек жәрдемақы картасын алып кеткен.
Облыстық полиция департаменті із-түзсіз жоғалған келіншекті іздеу жұмыстары басталып кеткенін айтты. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі деп уәде берді.
Жоғалған әйелді көрген-білгендер немесе қандай да бір ақпарат білетіндер болса, мына телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады: 8 (700) 499 72 92; 8 (778) 645 77 93 немесе «102».