Заңсыз қару-жарақ сатқандарға қатысты сот үкімі шықты
Өткен жылдың маусымында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті атыс қаруын жеткізудің заңсыз халықаралық арнасының жолын кесті. Бүгін оларға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлайды.
«Заңсыз айналымнан 3 «Калашников» автоматы, 3 гранатаатқыш, 2 жауынгерлік граната, 14 пистолет, 1700-ден астам патрон мен қарудың керек-жарақтары алынды. Алматы қаласы мен Алматы облысының 10 тұрғыны қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ішкі істер органдары қызметкерінің қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу фактісі анықталды. Лауазымды адам ҚР ІІМ теңгерімінде тұрған оқ-дәрілерді ұрлауды жүзеге асырған», - делінген хабарламада.
2020 жылғы 27 қаңтарда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен сотталушылар әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айрылды. Сонымен қатар, қару құрастыратын жасырын шеберхананың жұмысы тоқтатылды.