Семейлік еріктілер аулалардағы қарды күреді

Автор: Azattyq Rýhy

Волонтерлер бірнеше сағаттың ішінде аула ішін айнадай қылды

Семейлік бір топ жастар қар астында қалған үйлердің ауласын күреді. Мұндай көмекке негізінен жалғызбасты қарттар мен мүгедектер мұқтаж екен,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде оннан астам жер үйдің ауласын тазалап үлгергін белсенді жастар басты мақсаты адами құндылықтарды дәріптеу екенін айтады. Жасы 70-ке таяған Татьяна Севергина қала іргесіндегі Восход кентінде тұрады. Жалғызбасты қария жүрегіне операция жасағалы қар шығаруға қиналатынын айтып, волонтерлер орталығына хабарласыпты. Еріктілер бірнеше сағаттың ішінде аула ішін айнадай қылды. Қазір бұл орталықта 200-ден астам адам тіркелген.

«Негізі біздің халқымыздың және де адамдардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға біраз сеп болады деген сенімдеміз. Себебі біз мына жаққа сонау орталықтан ат терлетіп келсек, қасындағы көрші үйдегі адамдарға біз себепкер болып, осылай біздің орнымызға өздері айына бір рет осылай қарын күреп берсе, бұл да бір еріктілік, волонтерлік, қайырымдылық, игі іс болатын еді. Біз соған түрткі болсақ деген оймен барлығын жасап жүрміз», - деді қалалық волонтерлер орталығының жетекшісі Эльдар Мақсұтов.