Алматылық тұрғын өзіне тесіле қарағаны үшін жүргіншіні пышақтап өлтірді

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға алматылық тұрғынның әйелі мен баласының көз алдында болған

Фото: pershij.com.ua

Алматыда ер адам өзіне тесіле қарағаны үшін көшедегі жүргіншіге ашуланып, төрт рет пышақ сұғып алған. Зардап шеккен жігіт ауруханада көз жұмды. Кінәлі 15 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі inAlmaty.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қаласы қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 2019 жылдың қыркүйек айында болған. 

Сотта анықталғандай, алматылық тұрғын әйелімен, кішкентай қызымен және досымен серуендеп жүріп, топ болып тұрған жастар жаққа көз салып өтіп бара жатыпты.

Сол сәтте өзіне тесіле қараған Ж. деген азаматты байқап қалады.

Алматылық тұрғын тоқтай қалып, Ж.-дан неге сонша тесіліп қарағанын сұрайды, алайда жас жігіт те өзіне қайтара сондай сұрақ қойған.

Бірден ашуға булығып шыға келген алматылық тұрғын мен Ж. екеуінің арасында ерегіс оты тұтана кетіпті. Артынша алматылық сөмкесінен жиналмалы бәкісін шығара сала, Ж.-ның кеудесіне төрт рет сұғып алған. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген Ж. көп ұзамай қайтыс болған. 

Аталмыш қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің «Кісі өлтіру» бабы бойынша қарастырылды. 

Сот үкімімен алматылық тұрғын кінәлі деп табылды. Оны 15 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің максималды қауіпсіз мекемесінде өтеу туралы үкім шығарылды.   

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.