Бұл елде 346 адам ауру жұқтырып үлгерген
Оңтүстік Кореяда COVID-2019 коронавирусын тағы 142 адамның жұқтырғаны белгілі болды. Сонымен бұл елде ауру жұқтырғандардың жалпы саны 346 адам болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасай отырып.
Корея Республикасының денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде ауру жұқтырғандар саны үш күн бұрын ғана 50 адам болған. Вирусты енді жұқтырғандар арасында 92 адамның Тэгу маңындағы Чхондо қаласындағы ауруханада жатқаны анықталды. Коронавирустан көз жұмған екі адам дәл сол ауруханада жатқан болатын. Денсаулық сақтау органы өкілдерінің мәліметінше, көз жұмған науқастар ұзақ жылдар бойы тыныс алу жолдарының созылмалы ауруларымен ауырған, ал коронавирус олардың өлімін жылдамдатып жіберген екен.
Ал 38 науқастың Тэгудегі «Синчхончжи» шіркеуіне байланысы бар екені анықталған. Елде коронавируспен ауырған 31-ші науқас ретінде тіркелген 61 жастағы әйел ешқашан Қытайға барып көрмегендіктен, уақытылы тесттен өтуден бас тартқан. Алайда вирус жұқтырып үлгергенін сезбеген ол Тэгудегі Синчхончжи шіркеуіне барып, келушілер арасына ауру таратып кеткен. Жергілікті билік қазіргі уақытта аймақтағы 4,5 мың дін қызметкерінен ауру белгілерін анықтау үстінде.
Тэгудегі вирус ошағы ретінде Чхондо ауруханасы аталып отыр. Себебі, дәл осы ауруханада 2 ақпан күні вирустан көз жұмған Синчхончжи сектасының басшысы Ли Ман Хиді жерлеуге келген адамдардың қарасы өте көп болған.