«Екібастұзжылуэнерго» ЖЭО қызметкерінің өліміне қатысты жаңа деректер жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

33 жастағы ер адамның денесі гараждан табылған

Фото: ашық дереккөзден

Екібастұз ЖЭО қызметкерінің өліміне қатысты қалалық полиция департаменті пікір білдірді ,деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Екібастұз қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

«Тергеу жүріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, мән-жай марқұмның гаражында әйелімен жанжалдасып қалғаннан кейін болған. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Полиция қызметкерлерінің ішкі құжатын тарату дерегінен кейін полиция бөлімшесі қызметтік тексеру жүргізіп жатыр», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, көз жұмған ЖЭО учаскесінің бастығы туралы ақпарат әлеуметтік желіде кең тарады. Онда 33 жастағы ер адамның денесі гараждан табылғаны, оның денесінде зорлық іздері болмағаны туралы полицияның баянаты жарияланды. 

Алдын ала болжам бойынша, ер адам әйелімен болған жанжалдан соң гаражға кетіп, сонда көлігін оталдырған. Кейін ол ұйықтап, газдан уланып қалған болуы мүмкін.

Аталған жайтқа қатысты «Екібастұз жылу энергиясы» баспасөз қызметі қызметкердің қайтыс болғанын растады. Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлады. 

«4 желтоқсанда «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-іне полиция басқармасынан қаладағы гараждарының бірінен көлік ішінен Екібастұз ЖЭО қызметкерінің денесін тапқаны туралы қоңырау түсті. Деректерді тексеру кезінде олар бұл шынымен орталық қызметкері екенін анықтады», - деді кәсіпорын. 

Ал Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл факт қалалық басқармада тіркелген, қазір тексеру жүргізіліп жатыр.