Полиция қашқынды бір жарым тәуліктен соң тапты
Жаяу жүргіншіні қағып, жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап. Полиция өкілдерінің хабарлауынша, жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапқан.
«Іле аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне түнгі 00-30 мунут шамасында Боралдай ауылынан хабарлама түсіп, жаяу жүргіншіні қағып кеткені және жедел жәрдем жеткенге дейін оның оқиға орнында қайтыс болғаны туралы жеткізген. Қайтыс болған 52 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Белгісіз автокөлік оқиға орынан із суытқан, ал жол-көлік апатының куәгерлері жоқ», - деп жазылған хабарламада.
Оқиға орнын мұқият қарау барысында тәртіп сақшылары көліктің жарық шамының сынықтары мен бояу белгілерін тапқан. Сол бөлшектердің арқасында жол апатын жасаған көліктің түр-түсін анықтауға мүмкін туған.
«Ол жасыл түсті «Toyota Rav 4» көлігі болып шықты. Жан-жақты жедел іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, оң нәтиже берді. Бір жарым тәулік ішінде көлік апатына қатысы бар темір тұлпар табылып, 35 жастағы Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Көлік арнайы тұраққа қойылды»,- деп хабарлайды Алматы облысы ПД өкілдері.