Түркістан облысында жолда қалған 35 адам құтқарылды

Автор: Azattyq Rýhy

ТЖД азаматтарды ауа райына байланысты сақ болуға шақырады

Түркістан облысында жолда қалған 35 адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 29 қарашада 112 пультіне Ащысай асуындағы Кентау-Шолаққорған автожолының 55 шақырымында көктайғаққа байланысты жолаушылары бар 2 жүк және 8 жеңіл автомобильден құралған кептеліс пайда болғаны туралы хабарлама келіп түсті.

«Төтенше жағдай орнына келген құтқарушылар 2 жүк және 8 жеңіл автокөлікті сүйреп алып шықты. 35 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет етілген жоқ”, - делінген хабарламада.

Авариялық-құтқару операциясына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 13 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.

«Түркістан облысының ТЖД азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға шақырады. Дауыл туралы ескерту хабарламаларын ескеріп, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар», - делінген хабарламада.