Желі қолданушылары жас жігітті жауапқа тартуды талап еткен
Әлеуметтік желілердің бірінде алматылық стендап-әзілкештің көрермендерінің біріне дөрекі сөздер айтып, балағаттап жатқан видеосы пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Видеодан Алматыдағы көңіл көтеру орындарының бірінде өнер көрсетіп тұрған әзілкештің көрермендеріне әдепсіз сөздер айтқанын көруге болады. Оның бұл әрекетіне наразылық білдірген бойжеткенді ол тіптен, «Сіздің өмірге келуіңіздің өзі дәрігерлердің қатесі сияқты» деп кекетеді.
Бейнежазбадағы жас жігіттің бойжеткенге қарата айтқан балағатқа толы ауыр «әзілі» желідегі жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды. Кейбір желі қолданушылары оны жауапқа тартуды талап еткен.
Аталған жайтқа қатысты пікір білдірген Алматы қаласының Полиция департаменті тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Алматы қаласының Полиция департаменті тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатқанын, оның нәтижелері бойынша істің мән-жайын анықтап, ҚР заңнамасына сәйкес шешім қабылданатынын хабарлайды. Күдіктінің әрекетіне құқықтық баға берілетін болады», - делінген хабарламада.