Жараланғандар мен қаза тапқандар саны артуы мүмкін
Индонезиядағы Ява аралында болған жер сілкінісінен кем дегенде 162 адам ажал құшты, жүздеген адам зардап шекті. Бұл туралы аймақтық губернатор Ридуан Камил мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
BBC Russian ақпараттық агенттігі келтірген деректерге сүйенсек, АҚШ Геологиялық қызметі жер сілкінісінің магнитудасы 5,6 балл болғанын айтады. Оның ошағы аралдың батыс бөлігіндегі Чианджур қаласында, 10 км тереңдікте орналасқан.
Біраз адам ауруханаға жатқызылды, көптеген азаматтарға жедел-жәрдем көшеде көмек көрсетіп жатыр. Құтқарушылар әлі де іздеу жұмыстарын тоқтатқан жоқ, олар үйінділердің астынан тірі адамдарды табамыз деген ойда.
Зілзала болған аймақта халық тығыз орналасқан және көшкінге бейім, тұрғын үйлердің басым бөлігінің құрылысы сапасыз болғандықтан, баспаналардың көбі үйіндіге айналды.
Батыс Ява губернаторы Ридуан Камил апаттан 326-дан астам адам жарақат алғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жараланғандар мен қаза тапқандар саны артуы мүмкін, өйткені апат аймағында, оның шалғай бөліктерінде әлі де көп адам бар. Сондай-ақ губернатор 13 мыңнан астам адам өз үйінен кетуге мәжбүр болғанын және 2 мыңнан астам үй бүлінгенін айтты.
Жер сілкінісі ел астанасы Джакартада, эпицентрден жүз шақырым жерде де сезілді. Мұнда адамдар көпқабатты үйлерден эвакуацияланды.
Жер сілкінісі дүйсенбіде Шығыс Индонезия уақыты бойынша 13:21-де басталды. Ел астанасының іскерлік ауданындағы кеңселердің қызметкерлері дүмпулерді сезіп, бірден көшеге қарай жүгірген.
«Мен кеңседе жұмыс істеп отырғанда, кенеттен еден дірілдеп тұрғанын сездім. Мен сілкінуді анық сезіндім. Не болып жатқанын түсіну үшін орнымнан қозғалмадым, бірақ айнала қатты шайқала бастады және солай біраз уақытқа созылды», - деді заңгер Мэйедит Валуйон Франс Пресс агенттігіне.
Индонезияда жер сілкінісі жиі болады, ел Тынық мұхитындағы тектоникалық белсенділіктің «от сақинасы» аймағында орналасқан. Осылайша, 2018 жылы Сулавеси аралындағы күшті жер сілкінісі салдарынан 2 мыңнан астам адам қаза тапқан еді.