Оқиғаға қатысты жедел штаб құрылды
Төтенше оқиға Ақмола облысы Аршалы ауданының №3 мектебінде болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, 18 қараша сағат 12.18-де Аршалы ауылында Тәшенов атындағы орта мектеп аумағында орналасқан жеке қазандықта қатты отынмен жұмыс істейтін жылыту қазандығы жарылған. Салдарынан қазандық ғимараты опырылып құлаған. Өрт шықпаған.
Оқиға орнынан үш адам – 1983 жылы туған шаруашылық меңгерушісі, 1990 жылы туған электрші және 1967 жылы туған от жағушы ауруханаға жеткізілген.
Олардың барлығы есін біледі, қазір жағдайы нақтыланып жатыр. Сондай-ақ ТЖМ құтқарушылардың Holmatro техникасы және сүймен (лом) арқылы зардап шеккендердің бірінің сол аяғын қысып қалған плита жабындысын жылжытқанын атап өтті. Содан кейін құтқарушылар автокранмен плитаны көтеріп, ер адамды үйінді астынан алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
Оқиғаға қатысты Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары М. Таткеевтің төрағалығымен жедел штаб құрылды.
Оқиға орнына білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов келген.
«Қазір жеке тұрған қазандықтағы жылу берудің салдарын жою бойынша жедел шаралар қабылдануда. Балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ, олар қашықтан оқытуға ауыстырылды. Өңірде мектептердегі барлық қазандықтарға тексеру жүргізіледі. Үш ересек адамға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Жауаптылар тексеруден кейін болған оқиға үшін жауап береді», - деп хабарлады білім басқармасы.