Біреуі өліп қалған: министрлік Есіл өзенінде қалған аққулардың қазіргі жайы туралы айтты
Желіде жыл құстарының мұз басқан суда қалғаны туралы видео тарады
Әлеуметтік желілерде Астана қаласының су айдындарында қалған екі аққу туралы ақпарат тарады. Аталған жайтқа қатысты Экология министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Видеоны түсірген куәгерлердің айтуынша, мұз басқан көл бетінде бір аққудың өліп қалған, екіншісінің мұзға жабысып өлімші халде жатқан.
«Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкері Д.И. Ахметовтың, сондай-ақ ҚР бойынша «INUCOBO» жануарларды қорғау қауымдастығы президенті, «KazBar» animal Law ПЮК комитетінің мүшесі Л. Х. Сәрсенованың ақпараты бойынша 18 қарашада «Есіл» өзенінде бір тірі аққу табылды, ол өзенде жақсы жүзіп жүрді. Сондай-ақ «Есіл» өзенінің жағасына қарай сүйрелген өлексенің ізі бар. Құстың ұшасын кім немесе не сүйреп алып кеткенін анықтау мүмкін болмады», - делінген Экология министрлігінің ақпаратында.
Сондай-ақ Сарыарқа көпірінің қасындағы тоғанда ашық жер бар екені, онда бір аққу мен үйрек жүзіп жүргені айтылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық.