Петропавла техникалық қызмет көрсету орталығындағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Апат кезінде ғимарат ішінде болған жұмысшылар мен тұтынушыларды күйік шалды
Петропавлда техникалық қызмет көрсету орталығында болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, кеше техникалық қызмет көрсету орталығында жарылыс болған еді. 100 шаршы метр аумақ өртенді. Алдын-ала болжам бойынша, көліктердің біріне орнатылған газ құрылғысы жарылған. 10 авто көлік зақымданған. Апат кезінде ғимарат ішінде болған жұмысшылар мен тұтынушыларды күйік шалды. Дәрігерлер 5 адамның жағдайы орташа ауыр екенін жеткізді.
«9 адамның төртеуі 3-ші және 4-ші деңгейдегі термиялық күйік алған. Негізінен беті мен қолдарын жалын шарпыған. Олар тиісті медициналық көмек алғаннан кейін үйлеріне жіберіледі. Қалған 5 адам ауруханаға жатқызылды. Негізінен науқастардың денесінің 10 пайызы күйіп қалған. 4 адам жарақат, біреуі жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне жатқызылды. Оған пластикалық операция жасау қажет болуы мүмкін. Жалпы терапия курсы жүргізілгеннен кейін барлығы белгілі болады», - дейді 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Валерий Грибашов.
«Куәгерлердің айтуынша, жеңіл көлікке орнатылған газ баллоны жарылған. 101 қызметіне сағат 16:00 кезінде шақырту түсті. Әртүрлі дене жарақаттарын алған 9 адам «Жедел жәрдем» көлігімен емдеу мекемелеріне жеткізілді. Оқиға орнына жедел жеткен өртсөндірушілер 100 шаршы метр аумаққа жайылған қызыл жалынды ауыздықтады. Тілсіз жаумен күреске облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің 43 маманы мен 10 техникасы жұмылдырылды. Қаза тапқандар жоқ», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің бас маманы Евгений Журавлев.
Жарылыстың нақты себебі анықталады. Әзірге шығын көлемі есептеліп жатыр.