Оқиға орнына тергеу-жедел тобы шақырылды
Алматы полицейлері өмірімен қоштаспақ болған әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сол жерден өтіп бара жатқан адамдар таңертең “102” пультіне қоңырау шалды. Дабыл белгісіне бірінші болып “Буран-183” патрульдік экипажы әрекет етті. Оның құрамында патрульдік полиция полкінің инспекторлары Нұрлан Қыдырбай мен Наурыз Дәнекеев болды.
«Сағат 06:57-де көпірден адамның секірейін деп тұрғаны туралы қоңырау келіп түсті. Оқиға орнына дереу жеткенде, дерек расталды. Қыздың көпірден секіргісі келіп тұрғанын көрдік. Біз оның қолынан ұстап алдық. Ол шок күйінде болды. Алайда кейінірек пойызды күтіп тұрғанын түсіндірді: ол пойыздың астына секіріп, өз-өзіне қол жұмсағысы келген. Оқиға орнына тергеу-жедел тобы шақырылды. Мән-жайды білу үшін әйел соларға тапсырылды», – деді Наурыз Дәнекеев.
Жетісу аудандық Полиция басқармасында есін жиған әйел отбасындағы келіспеушілік салдарынан өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын хабарлады. Оған психологиялық көмек көрсетілді.