Ақмола облысында пойыз 11 бас жылқыны қағып кетті
Жыл басынан бері теміржол бойында мал жайған 70-тен аса тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды
Аршалыда қараусыз жүрген жылқыларды пойыз қағып кетті. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлайды.
«Петропавл-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызының машинисті түн уақытында «Аршалы-Анар» аралығында 11 бас жылқыны қағып кетті. Қазір аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, жылқылардың иесін анықтау бойынша іздестіру шаралары жүрізіліп жатыр.
«Темір жол - аса қауіпті аймақ. Осыған орай, көлік полициясы қараусыз қалған мал пойыз қозғалысына қауіп төндіретінін ескертеді. Азаматтар үй жануарларын жаю ережелерін мүлтіксіз сақтауы және темір жол маңында олардың жүруіне жол бермеуі тиіс, - делінген хабарламада.
Жыл басынан бері Қазақстанда 214 рет пойызды шұғыл тежеу фактісі тіркелген. Оның 130-ы теміржолға қараусыз қалған малдардың шығып кетуімен байланысты болған. Теміржол бойында мал жайған 70-тен аса тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.
«Мәселен, 16 ақпан күні сағат 01.38-де Нұр-Сұлтан станциясындағы Желілік полиция басқармасына «Торғай- Селеті» аралығында жүк пойызының машинисті жолға үй жануарының шығып кетуіне байланысты шұғыл тежеуді қолданғаны туралы хабарлама келіп түсті. Ол пойызды шұғыл тежегенмен, 3 жылқыны қағып кетті», - дейді.
Осы дерек бойынша Ерейментау станциясындағы жергілікті полиция бөлімшесінің жедел-тергеу тобы іздеу жұмыстарын жүргізіп, жылқылардың иесі Ерейментау ауданының 42-жастағы тұрғыны екенін анықтады. Ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 559-бабының 1 бөлігі, яғни, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған.