Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды
Петропавл жылу орталығында қаза тапқан жұмысшы Қызылорда облысының тумасы болып шықты. Марқұмның мәйіті бүгін туған ауылына жеткізілді. Естеріңізге сала кетсек, кәсіпорында жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысып жатқан мердігер компанияның 21 жастағы қызметкері бастан жарақат алып, ауруханада көз жұмған еді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Мердігер компания басшылығының айтуынша, 5 қараша күні бригада түтін соратын цехтің шатырын ауыстырып жатқан. Бірақ марқұм белгісіз себептермен жұмыс алаңында болмаған. Ол № 3 қазандықтың газ құбырларының жанында жүрген. Сол кезде осы маңда жинақталып тұрған металл конструкциялары оның үстіне құлап кеткендігі анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қаза болған марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетілді. 21 жастағы азамат бізге Қызылорда облысынан жұмыс істеуге келген еді. Үйленбеген. Негізінен барлық қызметкерлер іске кіріспес бұрын қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өтті. Бірақ өкінішке орай, жағдай осылай болып қалды. Жарақат алған кезде басына каска киген. Бірақ оның көмегі болмады. Марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», - деді «Строй Центр Арсенал» ЖШС директоры Всеволод Сысолятин.
Биыл наурыз айында Петропавлдағы жылу электр орталағында түтін мұржасы опырылып, үйіндінің астында 1984 жылы туған машинист-қараушы Наталья Чефонова қалып қойған еді. Марқұмның денесі біреше күннен кейін ғана табылды. Ал 2020 жылы жылу электр станциясында қазандықтан атқылаған күлге күйіп қалған қызметкері Рессей Федерациясының Омбы облыстық ауруханасында көз жұмды. Иван Семендеев өткен сенбі күні Омбы қаласындағы күйік орталығына жеткізілген болатын. Денесінің 80 пайызы жидіп қалған жігіт ауыр жарақаттан айыға алмады.