Түркістан облысында нөсер жаңбырдан тұрғын үй секторын су басты

Автор: Әсел Оршыбекова

Елдімекенде арнайы кезекшілік ұйымдастырылып, қазір жағдай тұрақталды

Түркістан облысы Төле би ауданы Зағамбар ауылын су басты. Бірнеше тұрғын үй, мектеп пен балабақша тоқтаусыз жауған жаңбырдың салдарынан су астында қалды.

Облыстық әкімдік берген мәліметтерге сүйенсек, 7 қараша күні жауған жауын-шашын салдарынан «Боз» каналының арнасынан асқан су Зағамбар елдімекеніндегі 25 тұрғын үй ауласына, бір мектеп және бір балабақша ауласына дейін өткен.

«ТЖ салдарын жоюға ТЖМ аудандық бөлімшесінің қызметкерлері арасынан 22 адам, жергілікті атқарушы органдардан 25 адам, еріктілер арасынан 35 адам, барлығы 82 адам жұмылдырылды. Бұл ретте бір тиегіш, 3 экскаватор, 4 трактор, 1 Камаз, 6 мотопомпалар тартылды», - делінген хабарламада.

Елдімекенде арнайы кезекшілік ұйымдастырылып, қазір жағдай тұрақталды.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштері суды сорып шығару және инертті материалдар салынған қаптарды төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су жиналуы ықтимал жерлерге тағы 300-ге жуық қап төсеу жоспарлануда.

Қазгидромет мамандарының мәліметінше, 8 қарашада да өңірде нөсер жаңбыр жауады деп күтілуде.