Алматы қаласында теракт жасауға әзірленген екі азамат ұсталды – ҰҚК

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталған азаматтар адам көп шоғырланған орындарда террорлық әрекет жасамақ болған

фото: ҰҚК

2020 жылғы 14 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында деструктивті діни ағым ұстанушы 2 азаматты ұстап, сот санкциясымен қамауға алды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлайды.

«Олардың мекенжайлары бойынша тергеу жүргізу барысында қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, оны жасауға арналған құрамдас бөліктер, суық қару, сондай-ақ шабуыл жасауды көздеген нысандардың фотосы мен бейне түсірілімі бар смартфондар алынды. Оларға қатысты терроризм актісіне дайындалу (ҚР ҚК 255-бабы) және терроризмді насихаттау (ҚР ҚК 256-бабы) фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.

Тергеу материалдары бойынша, қамауға алынған адамдар республика аумағында, соның ішінде адам көп шоғырланған орындарда террористік актілер дайындаған.