Риддерде төтенше жағдай жарияланған болатын
7 қарашада (сағат 3.40-та) Риддер ЖЭО-да № 2 қазандық іске қосылды, № 1 қазандықты іске қосуға дайындап жатыр. Жылу желілеріндегі жеткізу температурасы: кесте бойынша – 70 градус, іс жүзінде 30 градусқа дейін төмендеді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
2022 жылғы 3 қарашада Риддер ЖЭО-ны шлактан тазарту үшін № 3 қазандық тоқтатылды. 4 қарашада № 2 қазандық, 6 қарашада қосалқы жабдық бойынша ақауларды жою үшін № 1 қазандық және қыздыру бетіндегі ақауларды жою үшін № 6 қазандық тоқтатылды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің басшылығымен құрылған «Риддер ЖЭО» АҚ төтенше жағдай жөніндегі жедел штабына ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері де кірді.
«Қазіргі уақытта жергілікті ауқымда жарияланған төтенше жағдайдың режимі аясында өңірдің: Өскемен және Согра ЖЭО энергетиктерін тарта отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылды, сондай-ақ мазут қорларын жедел толықтыру жүзеге асырылып жатыр», - деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.