Кеше жауған ылғалды қар қала тұрғындарына материалдық шығын алып келді
Ауыр қарды көтере алмай сынған бұталардың бірі жаяу жүргіншінің үстіне құлаған. Мұнан кейін қаланың Төтенше жағдайлар департаменті алматылықтарға үндеу жариялады.
Мамандар тұрғындарды ағаштардың астымен жүрмеуге және көліктерін ашық жерге қоюға шақырды. Өйткені, 1 адамның жарақат алғанынан бөлек жүздеген адам ТЖД-ның құтқару қызметіне қоңырау шалған.
«Каменка шағынауданында ағаштың бұтасы ылғалды қарды көтере алмай, 26 жастағы ер адамның үстіне құлаған. Жас жігіт ауруханаға жеткізілгенмен, аса қатты жарақат алмаған. Медициналық көмек көрсетіліп, ол үйіне қайтарылды. ТЖД мамандары тұрғындардан көліктерді ағаштың астына қоймауын сұрайды. Ауа райының қолайсыздығынан құлап жатқан ағаштың зардабы ауыр қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан, ағаштарды айналып өтуге кеңес береді», - делінген ведмство таратқан хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаменті 17 ақпан күні де қауіптің сейілмегенін ескертті.
«Жауын-шашынның мөлшерден көп түсуіне байланысты Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінде 17-18 ақпан аралығында суы тасып, көшкін болуы қаупі жоғарлаған. Тұрғындардың тауға шықпағаны және қарлы беткейлерде бармағаны абзал», - дейді төтеншеліктер.