Қостанайда 9,5 мың адам тұратын 98 елді мекенді су басу қаупі бар

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл Амангелді, Қарабалық, Сарыкөл, Қарасу, Ұзынкөл аудандарында қар қалың жауған

Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Т. Кәкімов қыста жауған қалың қарға байланысты аймақтағы бірнеше елді мекенді су басу қаупі барын айтты. Бұл туралы polisia.kz сайты хабарлайды.

Департамент басшысының айтуынша, Қостанай өңірінде 9,5 мың адам тұратын 98 елді мекенді су басу қаупі бар. Сондай-ақ облыстағы жалпы ұзындығы 44,8 шақырым автомобиль жолдарының 136 учаскесін су басуы мүмкін. Амангелді, Қарабалық, Сарыкөл, Қарасу, Ұзынкөл және Б. Майлин аудандарында қар өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп жауған. Тіпті, бұл тізімге Арқалық қаласын да қосуға болады. 

Қазіргі уақытта құтқарушылар алдын ала дайындықты бастап, су тасқыны халыққа айтарлықтай шығын келтірмейтіндей шараларды қабылдап жатыр. Аталмыш елді мекендерден 568,6 мың текше метр қар шығарылған. 42 мыңнан астам қап дайындаған. Су тасқыны болған жағдайда адамдарды шұғыл көшіруге байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілген. 83 жиын, 46 рейд өткізіп, 3 мыңға жуық аула қамтылып, ұсыныстар берілген. Өзен арналары кеңейтіліп, көпірлер жөндеуден өткен.