Аталған жайтқа қатысты Жаңаарқа ауданының әкімдігі пікір білдірді
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына ресейлік ғарыш кемесінің алып сынығы құлады. Оқыс оқиғаға байланысты жақын маңдағы қыстақтардың тұрғындарын эвакуациялауға тура келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әлеуметтік желілерде Жаңаарқа аймағынан жергілікті тұрғындардың ғарыш кемесінің бөлшектерін түсіріп алған видео тарады. Онда зымыран сынықтарының Орынбай ауылының маңынан табылғаны айтылады. Жергілікті тұрғындар әуеден құлаған зат қоршаған ортаға және адамдар денсаулығына қауіпті болуы мүмкін деп қорқады.
«Түнде ресейлік зымыран ұшырылған еді. Зымыран қалдықтарының бірі Орынбай ауылының маңына құлады. Әйтеуір, ешкімнің басына түспегеніне шүкір», - дейді видео авторы.
Аталған жайтқа қатысты пікір білдірген Жаңаарқа ауданының әкімдігі ұшақ сынықтарының еш қауіп төндірмейтінін және ендігі аймақтан шығарылғанын айтты.
«Бұл жерге «Прогресс МС-21» жүк кемесінің фрагменті құлаған. Ол Орынбай ауылынан 25 шақырым жерге құлаған. Жақын маңдағы қыстақтардың тұрғындары эвакуацияланды. Орынбай ауылының тұрғындары эвакуацияланған жоқ. «Роскосмос» мамандары ғарыш кемесінің ұшу күні мен уақытын алдын ала біліп, фрагменттің құлаған жерін анықтаған. Олар сол жерді күзететін арнайы жедел әрекет ету тобын құрды. Ғарыш кемесі қанаттарының сынығы аумақтан шығарылды, олардан еш қауіп жоқ», - деп хабарлады ведомстводан.