Біраздан соң есін жинаған тұрғын орнынан тұрып, пәтеріне қайтып келген
Әлеуметтік желілерде ер адамның екінші қабаттың терезесінен құлап кеткен видеосы тарады. Оқиғаның Петропавл қаласында болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, полиция басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желіде тараған видеодағы ер адамды анықтады.
«Аталған дерек 15 қазанда таңғы уақытта болған. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның 38 жастағы тұрғыны бірер күн бұрын бір шаруамен Петропавлға келіп, Әуезов көшесі бойындағы үйлердің бірінің екінші қабатынан пәтер жалдаған. Оның айтуынша, пәтерде жалғыз болған, спирттік ішімдік ішкен. Темекі шегуге балконға шыққан ол тепе-теңдікті сақтай алмай, төменге құлаған. Біраздан соң есін жиып, өзі пәтеріне келген», - деді Петропавл қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Сейілбек Елжасов.
Ер адам медициналық көмекке жүгінбеген, ешкімге арыз-шағым түсірмеген. Кейін аман-есен автобуспен тұрғылықты жеріне жол тартқан. Қазіргі уақытта жағдайы бірқалыпты.