Оралда ескі үйлердің астынан адам қаңқалары табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар ол жерде кісі қолынан өлген жандар жатуы мүмкін дейді

Видеодан кадр

Оралда ескі үйлердің астынан адам сүйектері табылды. Қазір полицейлер қаңқаның кімдікі екенін анықтау үшін сүйектерді сараптамаға жіберді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Адам сүйектері қаланың ескі бөлігінен шыққан. Оны ескі тиын іздеген қала тұрғыны тауып алыпты. Ол үйдің шатыры мен жертөлесінен былтыр да үш адамның сүйегін тапқанын айтады. Осындағы апаттық жағдайда тұрған ескі үйді сүріп тастап орнына жаңасын салайын деп жатқанда 11 бас және 323 дене сүйегі табылған.

Тұрғындар бұл қаңқалар кісі қолынан өлген адамдардың сүйегі болуы мүмкін деген болжам айтуда. Алайда мамандар қаланың ескі бөлігінде көне зират көп болған дейді. Кейін бәрін сүріп тастаған. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр.

«Аталған жерге жеделтергеу тобы барып, оқиға болған жерді тексергенде адамның қаңқасын тауып, сот-медициналық сараптамаға жіберді. Қылмыстық іске сәйкес, сот-медициналық сараптамасының нәтижесімен заңды іс жүргізу шешімі қабылданады», - деді БҚО ПД баспасөз қызметкері Лунара Аманғалиева.