Таразда өзгенің 2 млн теңгесін иемденіп кеткен алаяқ ұсталды
Өңірде биылғы 9 айда 600-ден астам алаяқтық дерегі тіркелген
Тараз полицейлері 2 млн теңгеге алаяқтық жасады деген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Тараз қаласы ПБ 1-ші полиция бөліміне облыс орталығының 35 жастағы тұрғыны арызданған.
«Ол арызында өзінің танысы қаланың шағын аудандарының бірінде пәтер сатып алуға көмектесемін деген сылтауымен сеніміне кіріп, оның 2 млн теңге сомасындағы ақшасын иемденгенін хабарлады. Алайда ешқандай жаңа үйді әпермеген, ақшасын да қайтармаған.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол Жамбыл облысының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті кінәсін толық мойындады», - делінген хабарламада.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Баптың санкциясы бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Биылғы 9 айда полиция қызметкерлері 600-ден астам алаяқтық дерегін тіркеді, оның 165-і интернет арқылы жасалған.