Алматыда көлік ұрлап, сатып жібергендер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілер қамауға алынды

Алматыда көлікті ұрлап, сатып жіберген күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қаскөйлер Уәлиханов көшесінің бойында Toyota көлігін ұрлап кеткен. Көлік ұрлағандарды ұстау іс-шарасын қаланың криминалдық полициясы Медеу аудандық Полиция басқармасы жедел уәкілдерінің белсенді көмегімен жүргізді.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілер ұсталды. 36 жастағы О. есімді көлік ұрысы көліктерді ашып, рөлге отырған. 26 жастағы С. есімді азамат және 39 жастағы А. есімді азамат –  сыбайластар. Тергеу шаралары барысында күдіктілердің ұрлап кеткен көлікті Жаркент қаласында сатып жібергендігі анықталды. Сатып алушыны көліктің құжаттарының жоқтығы таңқалдырмаған. Бірақ кейінірек көлік табылып, тәркіленді және заттай айғақ ретінде ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс материалдарына тіркелді», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Айта кету керек, негізгі күдікті мүліктік қылмыстар, яғни ұрлық және тонау жасағаны үшін үш рет сотталған. Ал сыбайластарының бірі ҚР ҚК-нің 96-бабы 1-бөлігі бойынша жазасын өтеген. Қазір полиция қызметкерлері ұсталған адамдардың жеке басын бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.