Сәтбаевта тал түсте адам атып кеткен екі жігіт ұсталды
Ресми дереккөз үш жігіттің арасында төбелес болғанын хабарлады
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында тапайдың тал түсінде жерде қансырап жатқан жігіттің видеосы бүкіл әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Бүгін ресми мәлімет таратқан қалалық полиция департаменті оқ атқан екі жігітті қолға түсіргенін хабарлады.
«Жедел-іздестіру іс шарасы барысында полиция қызметкерлері 18 және 20 жастағы екі азаматты ұстады. Болжам бойынша бір жігіт көлік жүргізіп келе жатқан, екіншісі адамға оқ атқан. Ұсталған азамат қылмысын мойындап, түсініктеме берді», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Дереккөзге сүйенсек, оқиға болардың алдында үш жігіт Ulytau Mall сауда үйінің алдында төбелесіп қалған. Екі жігіт көлікке отырып кетіп бара жатып, 24 жастағы азаматқа оқ атқан. Артынша оқиға орнынан із суытқан. Оқ тиген жігіт қазір ауруханада жатыр.
«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 24-99-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Айғақ заттар тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаға қатысушылардың бәрінің жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта оларды ұстау бойынша кешенді шаралар жүріп жатыр», - деп хабарлады ведомство өкілдері.