Шет ел азаматтарынан құралған қылмыстық топ Қазақстанға жалған ақша тасымалдаған

Автор: Azattyq Rýhy

Топтың 4 мүшесі 9 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысында ТМД елдерінің азаматтарынан құрылған трансұлттық ұйымдасқан топтың мүшелері сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.⠀

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлім еткендей, қылмыстық топтың мүшелері шет мемлекеттердің бірінде жалған АҚШ доллары мен еуро банкноттарын шығарып, одан кейін Қазақстан Республикасының аймағына кіргізу және өткізу тәсілін жолға қойған.

«Қылмыстық топ мүшелері жалған шетел ақшаларын Алматы мен Қызылорда қалаларына жеткзіп, одан соң сатып отырған. Жалған ақшаның келесі партиясын Қызылорда қаласында өткізу сәтінде оларды құқық қорғау органдары қызметкерлері қолға түсірді», - делінген Мемлекеттік айыпты қолдау және апелляциялық инстанцияда қатысу басқармасының хабарламасында.

Сот үкімі бойынша топ мүшелерімен бірге, осы қылмыстық топтың аса ауыр қылмыс жасағанын біле тұра хабарламағаны үшін Қазақстан Республикасының азаматшасы қылмыстық жауапқа тартылды.

«Жалпы арнайы операция жүргізу арқылы топ мүшелерінен жалған 19 800 АҚШ доллары және 500 еуро тәркіленді. Топтың 4 мүшесі 9 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Қазақстан азаматының 2 жылға бас бостандығы шектелді (жалпы 5 адам)», - делінген хабарламада.    

Бүгінгі күні сот үкімі заңды күшіне енбеген, қылмыстық істің апелляциялық тәртіпте қаралып жатыр.