Астанада қызметтік иттер 82 қылмысты ашуға көмектесті
Елордалық полиция қызметінде 60-тан астам қызметтік іздестіру иті бар
Олардың арасында неміс, бельгиялық овчарка мен төбеттер бар. Арнайы жаттығу курсынан кейін ит белгілі бір қызмет түріне қажетті арнайы дағдыларды дамытады,деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жыл басынан бері қызметтік-іздестіру иттері 2 мыңнан астам оқиғаға қатыстырылды. Оның ішінде есірткі құралдарын іздеуде 300-ге жуық рет пайдаланылған. Сонымен қатар қызметтік иттер ұрлық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, кісі өлтіру және тонау сияқты қылмыстарды ашуға ықпал етті. Осылайша, олардың көмегімен 82 қылмыс ашылды», - деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Кинологтар әскери полиция бөлімшелерімен жедел-іздестіру және рейдтік іс-шараларға қатысады.
Сондай-ақ, «Қылмысқа тосқауыл» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында елорда аумағында «гашиш» сатып жүрген Ақмола облысының тұрғыны ұсталды. Қызметтік-іздестіру иті салмағы 13 келіге жуық есірткі заты салынған сөмкені тапты.
Сонымен қатар, полицияға қала тұрғынынан кәмелетке толмаған баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. 14 жасар қыз үйден шығып кетіп, оралмаған. Ит баланың киімінің иісінен ізіне түсіп, полицейлерді көрші аулаға алып келіп, олар жоғалған адамды тауып алған.