Ресейде мобилизациядан кейін 16 өңірде әскери комиссариат өртенген

Автор: Әйгерім Ердәулет

Сондай-ақ 25 қыркүйекте Рязаньда ер адам өзін-өзі өртеп жіберді

Коллаж: Azattyq Ruhy

Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін өртенген әскери комиссариаттар мен әкімшілік ғимараттардың саны күрт артқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Голос Америки» порталына сілтеме жасап.

Ресейліктер елде жарияланған ішінара жұмылдыруға қарсы наразылығын әскери комиссариаттар мен әкімшілік ғимараттарды өртеу арқылы білдіріп жатыр. 

Ресейдің Украинамен қақтығысы басталған соң, 27 ақпанда Мәскеу облысында әскери комиссариат өртенді. Мұндай жағдай 21 қыркүйектен бастап айтарлықтай көбейе бастаған.

Мобилизация басталғалы бері Ресейдің кем дегенде 16 аймағында әскери комиссариатты өртеу әрекеті жасалған. Нысандарға шабуыл жасаушылар әкімшілік ғимараттың күл-талқанын шығаруға тырысқан. Ал Башқұртстанның Салават қаласында «Единая Россия» партиясының кеңсесін жоюға әрекеттенгендер болған.

Кейбір аймақта өрт тіпті ауыздықталып үлгермеген. Волгоград облысында үш оқиға, Ленинград облысында екі өрт оқиғасы, тағы біреуі – Санкт-Петербург аумағында, екеуі – Красноярск өлкесінде, сондай-ақ Владивостокта кем дегенде екі оқиға болғаны белгілі болды.

Сондай-ақ 25 қыркүйекте Рязаньда ер адам өзін-өзі өртеп жіберді, ал 26 қыркүйекте Иркутск облысы әскери комиссариат ғимаратында атыс болып, комиссар өте ауыр жараланған еді.