Оған бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды
Батыс Қазақстан облысында YouTube желісіне Қаңтар оқиғасы туралы жалған ақпараты бар видео жүктеген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мақат аудандық сотының баспасөз қызметінің мәлім еткендей, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желісін пайдалана отырып, қоғамдық тәртіпті бұзу нпмесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін айыпталған Б.-ға қатысты (ҚК-тің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы) қылмыстық іс қаралды.
«Сотталушы қаңтар оқиғасы туралы көрінеу жалған ақпарат бар видеоны телефонына түсіріп, оны YouTube желісінде жариялаған», - делінген сот хабарламасында.
Прокурор сотталушыны бір жыл алты айға бас бостандығынан шектеу жазасын сұрады. Сотталушы тағылған айыппен келіспей, оған қатысты ақтау үкімін шығаруды сұрады.
«Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдету ретінде сотталушының асырауында кәмелетке толмаған бес баланың болуын ескерді. Айыптау қорытындысында тергеуші ауырлататын мән-жайларды таппаған. Мұндай жағдайларда соттың оларды өз бастамасымен тануға құқылы емес», - деп атап өтті аудандық сотта.
Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекпен пробациялық бақылауға алынады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.