Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінің жарылу себебі анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта тергеу кінәлі адамдардың жауаптылық дәрежесін анықтап жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратура биылғы 3 қыркүйекте Қостанай қаласында болған «Оружейная палата» дүкеніндегі жарылыс және өрт фактісін тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, өрт салдарынан 11 адам зардап шегіп, оның 4-еуі қаза тапты.

«Олардың барлығы дүкеннің жұмыскерлері еді. Жарылыстан көршілес орналасқан коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлер де зақымданды. Тергеу анықтағандай, дүкеннің басшысы оқ-дәрі өткізуге рұқсаты болғандықтан, оқиға қарсаңында Қарағанды облысынан «Сокол» маркалы 40 килограмм оқ-дәріні кейіннен өлшеп орау және сату үшін сатып алған. Бұл оқ-дәрі Қостанай қаласына ауа температурасы 36 градус ыстық болған кезде қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұза отырып тасымалданған және жарылыс болған дүкеннің жертөле бөлмесіне сақтауға қойылған», - делінген хабарламада.

Сарапшылар жарылыстың себебі оқ-дәрінің тұтануы болды, бұл қирауға және өрттің тұтануына әкеп соқты деген қорытындыға келді.

Қазіргі уақытта тергеу кінәлі адамдардың жауаптылық дәрежесін анықтап жатыр.