Қазадан кейінгі 1000 күн: Иранды 4 ел жауапқа тартуды сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

2020 жылдың 8 қаңтарында Тегераннан ұшып шыққан MAY ұшағын ирандық әскерилер атып түсірген болатын

Фото: twitter.com/Iranian_RCS

176 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғадан мың күн өтсе де Тегеран халықаралық құқықтық міндеттемелерін орындамады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Korrespondent.net сайтына сілтеме жасап.

Бүгін Украина халықаралық әуе жолдарының PS752 рейсін Иран әскерилері атып құлатқанынан бері 1000 күн өтіп отыр. Осы мәселеге қатысты Украина, Канада, Швеция және Ұлыбритания өкілдері бірлескен мәлімдеме жасады. Оның мәтінін Украина Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі жариялады.

«Канада, Швеция, Украина және Біріккен Корольдіктің министрлері осы қайғылы оқиғаны аза тұтып, PS752 рейсінің құрбандарын еске алып, отбасыларының қайғысына ортақтасады. Біз  Иранның халықаралық құқықтық міндеттемелерін орындауын және өз әрекеттеріне байланысты ашықтық пен әділетті қамтамасыз етуін әлі де талап етеміз», - делінген бірлескен мәлімдемеде.

Саясаткерлер осы іске қосқан үлесі үшін төрт мәртебелі заңгерге алғыс білдірді.

2020 жылдың 8 қаңтарында Тегераннан ұшып шыққан MAY ұшағын ирандық әскерилер атып түсірген болатын. Лайнерге екі зымыран тиген. Қайғылы оқиға барысында 167 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі, оның ішінде Украина азаматтары қаза тапты. Осы жылдың шілде айында MAY  Иранды сотқа берді.