Ол ұзақ уақыт бойы Дағыстанда жасырынып жүрген
Кеше Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен 23 жыл бұрынғы кісі өлтіру дерегіне қатысты іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Sputnik.kz порталының жазуынша, 1999 жылы 4 сәуірде кешке қарай Екібастұз қаласында екі тұрғынның арасында ақшаға байланысты жанжал шыққан. Жанжал барысында 19 жасар жігіт спорттық аңшы мылтығымен қарсыласының басынан атып жіберген. Оқ тиген адам оқиға орнында көз жұмған.
«Осы қылмыстық оқиғадан кейін қылмыскер өзіне іздеу жарияланған Қазақстаннан қашып кетіп, ұзақ уақыт Дағыстанда жасырынып жүрген. Бірақ 2021 жылы сол жерде ұсталып, Павлодарға экстрадицияланады. Ол өткен жылдың 3 ақпанынан бері қамауда отыр», - делінген хабарламада.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабының «з» тармағының 2-бөлігі (1997 жылғы 16 шілдедегі редакциясы) – «Пайдакүнемдік мақсатта жасалған кісі өлтіру» бойынша қайта қозғалды.
«Сотта 42 жастағы сотталушы 14 жылға бас бостандығынан айырылып, оған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу туралы үкім шығарылды. Сонымен қатар одан жәбірленуші – өлтірілген ер адамның әйелінің пайдасына 8 миллион теңге моральдық шығын өндірілді», - делінген хабарламада.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.