Банкке 14 жылдан бері 20 млн теңге құйған азамат қалған қарызын уақытылы төлей алмай қалған
Павлодарлық тұрғын құзырлы органдардан көмек сұрайды. Оны жеке сот орындаушылар үйінен қуып шықпақшы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Салауат Сабыров кәрі ата-анасымен, балаларымен қайда баратынын бімейді. Амалы таусылған тұрғын журналистерге шағымын жеткізген. Оның айтуынша, осыдан 15 жыл бұрын алған несиесін уақытылы төлей алмағандықтан, банк үйін сырттай сатып жіберген екен.
Салауат 2005 жылы кәсіп бастау үшін банктен 7 млн теңге несие алып, пәтерін кепілге қойған. 9 жыл бойына ай сайын 150 мың теңге төлеп тұрыпты. Айтуынша, оны серіктестері алдап кетіп, тақырға отырғызған. Қиындыққа тап болған ол банктен несиені қайта қаржыландыруын сұрапты. Алайда, қаржы институты «қарызды қайтара алмады» деген желеумен кепілдегі пәтерді былтыр желтоқсанда сатып жіберген. Әліптің артын бақса, баспанасына қатысты іс сотта қаралып, үйді сату туралы шешім шығарылған. Үй иесі бұдан хабарсыз болғанын айтады.
«Үйдің телефонына хабарлама жібереді. Бірақ қарасақ, ол нөмір біздікі емес. Басқа нөмір екенін біз дәлелдей аламыз. Біз адвокат арқылы «Қазақтелекомнан» дәлелдейтін мәліметті алдық. Бірақ оған қарамаған. Сот барысын қарап шықсақ, оған сот орындаушысы да қатыспаған. Банктің ғана адамы болған. Сот өткен. Сөйтіп біздің үйді сатуға қойған», – деді жәбірленуші Салауат САБЫРОВ.
Амалы таусылған жігіт ағасы банкті сотқа беріпті. Бірнеше мәрте сот өтсе де, жеңіліс тапқан. Банк 6 бөлмелі үйді небәрі 7,5 миллион теңгеге сатып жібергенін түсіне алар емес. Өйткені, оның пәтерінің нарықтағы бағасы кем дегенде 25 млн теңге болуы тиіс деп отыр.
«Мен 14 жыл кредит төлеймін. Қаншама ақша беремін. 7 млн теңге қарызға алсам да, 20 млн теңгеден аса төлеймін. Сонда да мен 7 млн қарыз болып қалып, олар менің үйімді сатып, далада бала-шағаммен қалдырып қояды», – дейді күйнген Салауат САБЫРОВ.
Салауат егер баспанасынан қуып шығаратын болса, қайда барарын білмей дал. Үйінде 2 баласы мен кәрі ата-анасы бар. Банк өкілдері бұл мәселеге қатысты түсінік беруге құлықсыз. Өз тұтынушысы туралы мәліметтер үшінші тұлға берілмейді деумен шектелді.
«Сотқа ұсынылған материалдар арасында Сабыровтар отбасы, олардың жағдайы төмен топқа жататыны жөнінде құжаттар жоқ. Оған қоса, «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңның 29-бабының 3 және 3-1 тармақтары бойынша бұл мәселе атқарушылық іс жүргізу аясында шешілуге тиісті», – деді Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Әнел ҚҰСАНОВА.
Ал заңгер Мақсым Алшынбай да қыс аяқталмай пәтерден қууға ешкімнің құқы жоқ екенін айтады. Бұл туралы «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңда көрсетілген деді.
«Қазақстанда жылыту маусымында адамдарды үйінен күштеп шығаруға тыйым салынған. 42-баптың 6-1 деген тармақшасы бойынша сот орындаушысы жылыту маусымында сот шешімін орындау ісін тоқтатуға міндетті», – деді заңгер Мақсым АЛШЫНБАЙ.
Жәбірленушінің айтуынша, пәтерді осы үйде тұратын көршісі сатып алған. Ал сот орындаушылары үйді осы айдың соңына дейін босатуын талап етіп отыр.