$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.09.2022, 11:09
Оқиғалар

Қарқаралыда 8 айлық нәресте ауруханада көз жұмды: ата-анасы дәрігерлерді кінәлап отыр

Қарағандыдан бірнеше маман жіберілгенімен, олар балаға көмектесе алмаған

Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық ауруханасында 8 айлық бала көз жұмды. Баланың ата-анасы дәрігерлерді уақтылы медициналық көмек көрсетпеді деп айыптап отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 17 қыркүйекте сегіз айлық Ибрагимнің ата-анасы Қарқаралы ауруханасына жүгінген. Баланың дене қызуы көтеріліп, құсып, іші өткен. Дәрігерлер дәрі жазып берген соң, егер жағдайы нашарласа хабарласу керек екенін айтып, олардың үйіне шығарып салған. Алайда дәрі көмектеспеген соң, екі күннен кейін, 19 қыркүйекте таңертең бала жансақтау бөліміне жатқызылады.

Баланың тәтесі сол күні сәби есін жиып, су сұрағанын айтады. Бірақ артынша жағдайы күрт нашарлап кеткен соң оны Қарағанды ​​жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызу қажет екені хабарланады.

Әйелдің айтуынша, олар жергілікті дәрігерлерден жедел жәрдем тікұшағын шақырып, нәрестені Қарағандыдағы облыстық емханаға жіберуді сұраған.

«Медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеді! 8-ақ ай өмір сүрген нәрестеге тікұшақ берілсе, 40 минутта жететін еді. Бірақ олар 4 сағат жүретін көлік берді», - деді баланың тәтесі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Қарқаралы дәрігерлерінің санитарлық авиацияны сұрағанын, алайда бұл уақытта сәби тасымалдауға жарамсыз болып қалғанын мәлімдеді. Қарағандыдан бірнеше маман жіберілгенімен, олар балаға көмектесе алмаған. Ал сәби үш күн бойы жансақтау бөлімінде қиналып жатып қайтыс болған.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісіп кеткен.

«Сот-медициналық сараптаманың алдын ала диагнозында «Анықталмаған екі жақты пневмония» деп көрсетілген. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, «жедел ішек инфекциясы» диагнозы қойылған. Баладағы вирустық инфекциялар ішек инфекциясына айналуы мүмкін. Алғашқы қабылдаудан соң баланы егжей-тегжейлі тексеру үшін ауруханаға жатқызу керек еді. Іш өту, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер пневмонияның салдары болуы мүмкін. Өкінішке қарай, баланы ауруханаға жатқызу туралы дәрігерлер ұсыныс жасамаған», - деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды ​​облысы бойынша департаментінің басшысы Ольга Смирнова.

Бүгінде баланың туыстары полицияға арызданған. Отбасы әділ тергеуді сұрайды. Сегіз айлық Ибрагим Айдархан қазірдің өзінде туған ауылы Қарағайлыда жерленді.

Серіктес жаңалықтары