Ұсталған әйел нәрестенің өлі туғанын айтып отыр
Оралдағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан жаңа туған сәбидің мәйіті табылды. Шақалақтың денесін целлофанға орап, спорттық сөмкеге салып, қоқысқа тастап кетіпті деп жазады КТК телеарнасы.
Полицейлерге хабарды осы үйде тұратын тұрғындардың бірі берген. Тәртіп сақшылары көкек ананы көп іздеген жоқ. Бала салынған сөмкенің жанынан табылған бірнеше кілтті әр үйдің есігіне салып жүріп, полицейлер сәбидің анасының үйінен бір-ақ шыққан.
31 жастағы төрт баланың анасы қолға түсті. Соңғысы бесінші перзенті болуы тиіс еді. Келіншектің айтуынша, сәбиін ол дәретханада босанған. Ол өлі туған соң мәйіттен құтылмақ болыпты. Қазір сөзінің рас-өтірігі анықталуда.