Нұр-Сұлтанда ер адам әйелін өртеп жіберді

Автор: Azattyq Rýhy

Денесінің 75 пайызын күйік шалған

holanews.kz

Астаналық 43 жастағы ер адам отбасылық жанжалдан кейін өз әйелін өртеп жіберді деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Жәбірленуші аман қалғанымен, дәрігерлер оның жағдайы аса ауыр дейді.

Оқиға Нұр-Сұлтан іргесінде болған. Отбасылық ұрыстан кейін әйелін көлікке отырғызып алған ер адам оны қала сыртына шығарып, үстіне жанармай құйып өртеп жіберген. Денесі күйген ол аялдамаға дейін өз аяғымен барыпты. Сондағы куәгерлер дереу жедел жәрдем шақыртқан.

Ал, полиция күдіктіні сол күні-ақ қолға түсірді. Оның үстінен «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол қамауда, қылмыс жасағанын мойындап отыр.

38 жастағы әйел болса ауыр жағдайда. Оның денесінің 75 пайызын күйік шалған. Дәрігерлер оның өміріне қатысты болжам айту қиын деп отыр.

«Келіншек ауыр халде жеткізілді. Денесіне едәуір зақым келген. 3-4 дәрежелі күйік шалғандықтан, өмір сүріп-сүрмеуі белгісіз», - дейді травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Татьяна Лебига.