Қарағанды облысында үйде қамалып қалған үш бала құтқарылды
Мұндай оқиға Қарағанды және Жезқазған қалаларында тіркелді
Қарағанды облысының құтқарушылары бір күн ішінде үйде қамалып қалған үш баланы құтқарды, деп хабарлайды Азаттық рухы тілшісі Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қарағанды қаласында 2009 жылы туған бала есікті ішінен байқаусызда жауып алған. Құтқарушылар сыртқы есікті слесарлық құралдармен ашты. Сонымен қатар Жезқазған қаласындағы Ғарышкер көшесінде 5 жасар бала сыртқы есікті ішінен жауып алған. Онымен бірге үйде 2017 жылы туған бала болған. Құтқарушыларға балалардың анасы хабарласты», - деп жазылған хабарламада.
Құтқарушылар балалардың дін аман екенін және медициналық көмекке мұқтаж болмағанын мәлімдеді. Олар ата-аналарға балаларды үйде жалғыз қалдырмаған жөн деп ескерту жасады.
«Бала үйде жалғыз қалатын жағдайда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, байланысқа шығатын телефон мен телефон нөмерлерін қалдыру керек. Сонымен қатар бала өз есімін және ата-анасының есімін, сондай-ақ телефон нөмірін білуі тиіс», - деп жазылған хабарламада.