Павлодар облысында тамақтан уланған төрт оқушы ауруханаға жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Тағы бес бала үйден амбулаторлық ем алып жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы мектептің 4 оқушысы тамақтан уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, оқушылар ауруханаға 9 қыркүйекте сағат 9.00-ден бастап түрлі уақыт аралығында жеткізілген.

«Шарбақты ауылындағы №2 орта мектеп оқушыларына медициналық көмек қажет етілді. Балаларда құсу, іштің ауырсынуы, іш өтуі және дене қызуының 39 градусқа дейін көтерілуі сияқты симптомдар болған. Оларға «тамақтан уланған» деген диагноз қойылды», - делінген хабарламада.

Уланған балалар – 0-9 сынып оқушылары. Төртеуі де Павлодар облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Олардың тамақтан уланғаны расталды.

Сондай-ақ тағы бес бала үйден амбулаторлық ем алып жатыр.

Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, уланған балалардың бәрі мектеп асханасында тамақтанған. Қазіргі уақытта аталған мектепте жоспардан тыс тексеру жұмысы басталды.

«Науқастармен байланыста болғандардың ешқайсы шағымданған жоқ. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері дайындалып жатыр. Аталған мектепте уланудың басқа жағдайлары тіркелген жоқ», - делінген хабарламада.