$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.09.2022, 15:39
Оқиғалар

Шардарада браконьерлерден 100 келіге жуық балық тәркіленді

Жыл басынан бері өңірде балықты заңсыз аулауға байланысты 14 іс сотқа жолданды

Шардарада браконьерлерден 100 келіге жуық балық тәркіленді

Шардарада браконьерлерден 100 келіге жуық балық тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Отырарға» сілтеме жасап.

Түркістан облысы Полиция департаменті және оның қалалық, аудандық құрылымдарының табиғатты қорғау бойынша полиция бөліністері, қоршаған ортаны, табиғи ресурстарды қорғау, молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдармен бірлесе отырып, облыс аумағында экологиялық қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып жатыр.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде тәртіп сақшылары 2022 жылдың 8 айында Түркістан облысының аумағында заңсыз балық аулауға, жер қойнауын өз бетінше пайдалануға, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін заңсыз аулауға байланысты 32 экологиялық қылмысты анықтады. Оның ішінде 18 қылмыс «Балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз аулау» бойынша тіркелген. Сондай-ақ 14 іс сотқа жолданған.

Мысалы Шардара аудандық полиция бөлімінің полицейлері Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаумен айналысқан екі жергілікті тұрғынды анықтады. Браконьерлерден айғақты зат ретінде 100 келіге жуық балық, 3 гарпун және 2 сүңгуір костюм тәркіленді. Аталған жайт ҚР ҚК 335-бабымен «Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру» тіркелді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері жыл басынан бері балық аулау ережелерін бұзған 360-тан астам азаматты жауапкершілікке тартты, оның ішінде 335 құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, 5,5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Сондай-ақ қолдануға заңмен тыйым салынған құралдардың көмегімен балық аулаған 26 адамға қатысты жиналған материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабының 3-тармағы бойынша заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Түркістан облысының полицейлері браконьерлерден барлығы 3 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық, 33 қайық, 4 қайық моторы мен 44 түрлі заңсыз балық аулау құралдарын тәркіледі. Облыс полицейлері тұрғындар мен қонақтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға, табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға шақырады. Тәртіп сақшылары атап өткендей, жоғарыдағыдай рейдтік-профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Серіктес жаңалықтары