Тағы төрт адам ауруханаға түсті
Ақтөбеде жол апаты болып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 8 қыркүйекте сағат 07:30 шамасында Шұбарқұдық ауылы мен Қандыағаш қаласы арасында болды. ВАЗ-2114 автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі ауылдан Қандыағаш қаласы бағытында келе жатып, рульді басқара алмай, қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып кеткен. Сол кезде «Nissan Teana» автокөлігімен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші мен екі жолаушы Темір орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Кейін «Nissan Teana» автокөлігінің жолаушысы қайтыс болғаны анықталды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, барлығы бес адамға көмек көрсетілген. Алайда, 48 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмған.