Қаңтар оқиғасы: Сайран көлінің маңынан тағы бір қару-жарақ қоймасы табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның нақты кімдікі екені сараптамадан кейін анықталатын болады

Сайран көлінің маңынан тағы бір қару-жарақ қоймасы табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаланың Алмалы ауданында сынған, құрғақ бұтақтардың астынан қойма табылды.

«Қару» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Алматы қаласы бойынша ЛА-155/13 ҚАЖД мекемесінің жедел тобының қызметкерлері Алмалы аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге Варламов көшесі бойынан, Сайран көліне қарай, батыс бағытта құрғақ бұтақтардың астындағы бұталардың арасынан қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қоймасы табылды. Мәселе 12 калибрлі, екі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, ПМ газ тапаншасы, сонымен қатар оқтар туралы болып отыр», – деді Алматы қаласы бойынша ЛА-155/13 ҚАЖД мекемесінің жедел уәкілі Рахат Нұрбеков.

Алдын ала мәлімет бойынша табылған қарулар биылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған. Оның нақты кімдікі екені сараптамадан кейін анықталатын болады.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.