Тергеуді облыстық полиция департаменті бақылауға алды
Талдықорғанда жасөспірім қызды зорлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кәмелетке толмаған қыздың зорланғаны туралы арыз 29 тамызда Талдықорған полициясына келіп түсті. Факті бойынша ҚР ҚК-нің 120-бабының 3-1-бөлігі (Кәмелетке толмаған баланы зорлау) және 121-бабының 3-1-бөлігімен (Кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) қылмыстық іс тіркелді. Тергеу аясында қажетті сараптамалар тағайындалды.
«Зорлау оқиғасы Тоyota Camry автокөлігінің салонында жасалғаны анықталды. Автокөлік тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды», - делінген хабарламада.
Күдікті ретінде қалалық полиция қызметкерлері 20 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеуді облыстық полиция департаменті бақылауға алды.